Төңірегімнен байқағаным, көбінде, отбасы қақысын толық орындап, туыстарының арасында мәмілегер болған, достарын табыстырып жүретін жандар ғана мемлекет басшысын тілдемейді керісінше түсінуге тырысады. Себебі, мойынына жауапкершілік алған, құр қырсыға бермей, жан-жағымен тіл табысуға тырысқан адам ел басқару мен жұрт меңгерудің орасан зор, күрделі шаруа екенін айтпай түсінеді. Шешесі мен жұбайының ортасын реттей алмай жүрген қаншама жігіт бар. Ал, біз әлемдік қауымдастықта ең жас мемлекеттің біріміз, әрі екі империяның қыспағында отырмыз. Маңайға қараңызшы, қатты дыбысты көтере алмайтын көршіміз көп, бір ауыз сөзге бола ат құйрығын кесісуге даяр ағайынымыз аз ба? Айдың-күннің аманында үштен бірі ажырасуға бейім жас жұбайларымыз жетіп-артылады..., кейде қалай ел болып, ұйысып отырғанымызға таңғаламын. Оның үстіне, "Әкең жақсы ма? Шешең жақсы ма? деп, баланың басын қатырған бәтуасыз қонақ секілді БАҚ өкілдері де "xалық пен билік екі бөлек ұғым, қай жағындасың", дегенді санамызға құйып жатыр. Алла әр нәрсенің xайырын берсін. Өз маңайына сабырлылық қыла алмаған пенде, әрине, елдің бәрі саусағын шошайтып, "бақытсыздығыңның басты себепкері" ретінде көрсетіп отырған билікке сабырлылық қыла алар ма?. "Билік" деген кім! Билікте жүрген кім? Ол- сенің кеденші құда балаң, әкімшіліктегі көршің, полицияда істеп жүрген бажаң немесе салықта қызмет қылатын ағайын әпкең. Аспаннан түскен билік жоқ. Халықтан қара үзіп шыққандар сонда жүр. Олар кетсе тағы да сол елден екшелгендер билікке барады. Халықтың проблемасы-биліктің, биліктің проблемасы- xалықтың проблемасы. "Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды". Айтпағым, бір сәт проблеманы өзімізден, өз төңірегімізден іздесек біраз сырдың беті ашылар еді. Күрсініп, күңіренбей көңіліміз орынына түсер еді. Кінәлау оп-оңай билікке бәрін артып салмай, Аллаға дұға қылып, адамдармен ортамызды дұрыстар едік. Сол арқылы азға қанағат, жоққа сабырлылық қылған бабаларымыздың даналығын терең түсінер едік.